Сiз сайттың ескi нұсқасында отырсыз. Жаңа нұсқасына ɵту үшiн келесiнi басыңыз

Ұлт болашағы төңірегіндегі С.Cейфуллиннің тың бастамалары

Қазақтың маңдайына біткен біртуар асылы, күрескер ақиығы Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси қызметіне отандық тарихнамада әлі толық баға беріліп біткен жоқ. Ақынның ел тарихындағы теңдесі жоқ еңбегі туралы қайраткердің 100 жылдық мерейтойында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Сәкен– біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ер, қайтпас қайсар күрескер. Сәкен өлеңнен өрнек өрген ақын, қара сөздің сиқырын игерген прозашы»,- деп қадап айтқан еді.

Сәкеннің ұлтының қамын жеген іс-қимылға көшуі Ресейдегі орын алған қос төңкерстің аясында басталды.

С.Сейфуллин Ақпан төңкерісінен кейін уақытша биліктің қазақ комитетінің басшысы болды. Ол ұйымдастырған «Жас қазақ» ұйымы қысқа мерзімде болыстық комитеттерге халық қалаған өкілдерді сайлау, қалыңмалға шек қою, әйелдерді басқару ісіне қатыстыру, сауатсыздықты жою сынды сол уақыт үшін ең көкейкесті мәселелерді іске асырып, Ақмола уезі көлемінде үлкен беделге ие болды. Қарастырылған уақытта түрлі саяси топтардың талқысына түскен мәселе – болашақ мемлекет құрылысының жобасы болды.

1917 жылы 27 желтоқсанда құрылған Ақмола уездік жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңесінің мүшелігіне сайланған ол 1918 жылдың 28 ақпаны мен 2 наурызы аралығындағы Ақмола кеңестерінің І съезінде Президиум құрамына кіріп, оқу комиссары болды. Уездік кеңестің құрамында С.Сейфуллин еңбекші халықтың талабына сай халыққа жер беру, астықпен қамтамасыз ету, тегін білім беру, медициналық пункттер ашу, сегіз сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты мәселелерді іске асыруға күш салды.

1922 жылы 12 қазанда С.Сейфуллин республиканың Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасы болып бекітілді. Ол 1922 жылдың қазанынан 1924 жылдың қазанына дейін Үкіметті басқарды. С.Сейфуллин Қазақстанға Ақмола мен Семей облыстарының қосылуында, аштық пен күйзеліске қарсы күресте, ашыққандар, балалар мен жетімдерге және т.б. көмек ұйымдастыруда үлкен рөл атқарды.

С.Сейфуллинннң осы уақыт аралығындағы тың бастамалары:

- Қазақстанның қаржы жүйесінің дамуын  басты міндеттерінің бірі ретінде қойды.

- оның араласуымен бірыңғай ауыл шаруашылық салығының енгізілуіне байланысты 1923 жылдан бастап ауыл шаруашылығының өндірістік күші көтеріле бастады. Нәтижесінде өндірушілер артық өнімді базарда сатуға, еркін саудаға, жерді жалға беруге, жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат алды, кооперацияның дамуына мүмкіндік берілді, шаруашылық есеп пайдаланылды, ал мұның барлығы халық шаруашылығын тұрақтандыруға алып келді.

- 1923 жылдың тамызында С.Сейфуллин Үкіметтің отырысында қуаты аз шаруашылықтарды толығымен ауыл шаруашылығы салығынан босату жөнінде ұсыныс айтты және салық заңы мен салық тәртібінің орындалуын қатаң бақылауға алды.

- Үкіметтің басты міндеті ретінде қазынашылық, банк және жинақ ісі, мемлекеттік бюджетті реттеу, кіріс және шығыс қатынасы туралы мәселелерді жолға қойды; 

- Қазақстандағы алғашқы Жер Кодексінің қабылдатты; 

- пайызсыз ауыл шаруашылық кредиті мен несиесі енгізілді;

- ол темір жолдарды қалпына келтіру, әуе қатынасын ұйымдастырудың белсенді бастамашысы болды;

- елдегі 2 миллионнан астам сауатсыздарды оқыту үшін ол 1030 сауатсыздықты жою пункттерін, 9 оқу орнын, оның ішінде 8 педагогикалық техникум және мұғалімдік мектептерін Семейде, Ақмолада, Қостанай губерниясында, Ақтөбе уездерінде ашуды ұсынады;

- «ҚазақАКСР-індегі ағарту ісі» құжаты қабылданды;

- 1922 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан ЖОО-да 425 мемлекеттік стипендия бөлінеді, оның ішінде Политехникалық институтқа - 50, Қазақ Мұғалімдік институтына - 100, Семей халық ағарту институтына - 100 мемлекеттік стипендиялар бөлінді. Қазақстаннан шетте оқу үшін 195 мемлекеттік стипендия, оның ішінде Мәскеу ЖОО-на - 75, Петроград ЖОО-на - 45, Томск ЖОО-на - 6, Қазан ЖОО-на - 70, Омбы қаласының ЖОО-на - 32 мемлекеттік стипендиялар тағайындалды. Барлығы 1130 мемлекеттік стипендия тағайындалып, Қазақ КСР-нен шетте оқитын студенттерге - 15 сом, Қазақ КСР ЖОО-да білім алатын студенттерге - 10 сом стипендия тағайындалды;

- 25000 сом ақша кітаптар шығаруға бөлінді;

- 1922 жылы 6 желтоқсанда «Ғылыми қоғамдар және оның жанындағы ғылыми-көмекші органдар жайлы Жарғысына» қол қояды.

- 1924 жылы Орынбор қаласында 400 орындық әскери мектеп ашылды; онда әскери марш ретінде Абылайдың жорық маршы енгізілді;

- 1924 жылы 2 қазанда «Сот-тергеу органдарын қаржыландыру тәртібі туралы» шешім қабылданды;

- 1924 жылы 6 маусымда «ҚКСР-гі  милицияның командалық құрамы өлкелік мектебі туралы Ереже» бекітілді;

- 1924 жылы 4 сәуірде «ҚКСР аумақтары мен қалаларында жүк, жеңіл автомобильдер мен мотоциклдердің қозғалыс тәртібі туралы» Қаулы бекітілді;

- 1923 жылы 9 желтоқсанда «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қазақты - қазақ дейік, қатені түзетейік» мақаласында С.Сейфуллин 1920 жылы құрылған Қазақ автономиясы «қырғыз» деп дұрыс аталмай отырғандығын мемлекет атын «Қазақ Республикасы» деп өзгертіп, мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек деді.

- «Бостандық туы» басылымында 1924 жылы қараша айында шыққан «Қазақстанның 4-ші Кеңес жиылысына» деген мақаласында Қазақстанның алдында тұрған төрт түрлі ірі мәселені көтерді: 1. қаржы-қаражатты тиімді пайдалану, 2. ауылшаруашылығын оңалдыру, 3. сауда мен кәсіпті дамыту, 4. әлеуметтік тұрмыста, кеңестік құрылыс жасауда қазақ тілін жүргізуді көңілдегідей ілгерілендіру.

Сонымен, мақаламыздың соңында айтарымыз, Сәкен Сейфуллин бар өмірін қазақ халқының мұрасын зерттеп әдебиетін жетілдіруге арнаса, қоғамдық-саяси қызметі де сол уақыттың талабынан туған елінің тағдырында үлкен рөл ойнаған маңызды өміршең мәселелерді дөп басып, шешуге бағытталған бастамаларымен ерекшеленеді. 

Әдебиеттер тізімі

  1. С.Сейфуллин Шығармалар жинағы. - Алматы: Қазығұрт, 2004
  2. С.Сейфуллин: көркем әдебиет. -А. 2005
  3. 7 С.Сейфуллин шығармалары. Астана: Фолиант. 3 том. 2013
  4. Т.Кәкішев. Ескірмейді естелік. А. 1994
  5. Т.Кәкішұлы. Дала дауылпазы. Ғұмырнама. А. 2005
  6. Қазақстан тарихы. (Көне заманнан бүгінге дейін): 5 томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. - Т.4. – 786 б.
  7. С.С.Қасымова. Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі (1894-1938 жж.). Тарих ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Қарағанды, 2010. – 24 бет.
  8. С.Сейфуллин ат. ҚАТУ

    Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі,

    т.ғ.к. Ө.Ж.Бекмағанбетов